008

Оңтүстікте жеміс-жидек агропаркі құрылады

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және  Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық жөніндегі үш жақты меморандумға қол қойылды. Ондағы мақсат – Оңтүстік Қазақстан облысында жеміс-жидек сақтау қоймаларын салып, алма  бақтарын, өңдеу кәсіпорындары мен аралас өндірісті дамыту болып табылады.

Шараға  Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев,  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан  Сарыбаев,  «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы  Айтмұхаммед Алдажаров қатысып, алдағы атқарылар жұмыстарды нақтылады.

Үшжақты келісімге сай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жер учаскелерін беріп, инфрақұрылым мен ғимарат құрылысына жауапты болса,  «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰҚ» АҚ жобаның операторы ретінде инвесторлар тартып, қаржы бөліп, агросалада еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтарымен келісімге тұруды өз мойнына алып отыр. Ал, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ клиенттерді тартып, экспортқа бағдарланған «АгроЭкспорт» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен қаржыландыру жұмыстарын жүзеге асырмақ.

Бұл келісім өз кезегінде өңіріміздегі бау-бақша шаруашылығын дамытып, жоғары мультипликативтік нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізері сөзсіз.  Бұл – контейнер жасау, қаптау, техниканы құрастыру, тамшылатып суару және тағы басқа  өндірістер бойынша жобаларды құруға мүмкіндік береді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер

пікір