008

«Түркі тілінің тарихы» оқырманға жол тартты

Таяуда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде Мұғла Сытқы Кочман университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Али Акардың «Түркі тілінің тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Еңбекті түрік тілінен қазақ тіліне аударған – Сембек Өтебеков.

Бұл ғылыми кітаптың маңызы мен қажеттілігін Түркияда қатарынан 15 рет баспа бетін сан мыңдаған тиражбен жарық көргенінен-ақ бағамдай беруге болады. Жиынның ашылу сөзін сөйлеген филология ғылымдарының докторы, профессор, Филология және көптілді білім беру институтының директоры Балтабай Әбдіғазиұлы: «Түркия тарапынан орын алып жатқан зерттеулер біздің елімізге ғана емес, жалпы түркі әлемінің игілігіне жарайтын заманауи, қажетті еңбектер. Ғасырлар бойы түрлі кедергілерге қарамастан үзілмеген алтын желіні ұрпақтарымызға да жалғасты болуы қажет. Осы жолдағы бірлескен еңбектеріміз молая берсін» деп өз пікірін білдірді.

Кітап авторы, түрколог, профессор, доктор Али Акар: «Дүниежүзінде түркі тілдері тәрізді тарихы терең және географиялық жағынан кең таралған тіл жоқтың қасы. Осындай алып мұхитқа бергісіз тіліміздің тарихын білу, зерделеу, пайдалану мына жаһандану заманындағы басты мәселенің бірі. Еңбегімізде барша түркі халықтарына ортақ көне тілімізді алтай дәуірінен бастап талдай отырып, әрбір дәуірдегі шығармалар тіліне үңілдік. Сондай-ақ қазіргі түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тіліне де ортақ материалдар мен тарихи танымдық деректерді қазақ оқырманына жеткізуді мақсат тұттық. Түркітануға қатысты мәлімет алғысы келетіндер үшін алғашқы дереккөзі болып табылатын кітаптың қазақ оқырмандарын тапқанына шексіз бақыттымын» деген жүрекжарды қуанышымен бөлісті. Автор кітаптың редакторлығын, қазақ тіліне адаптациясын жасаған, іс-шараны ұйымдастырушы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның қолынан «Түркі тілінің дамуына үлес қосқан ғалым» сыйлығын алған, түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Қосымоваға алғысын білдірді.

Рухани, тарихи құнды оқулықтың қазақ тілінде жарық көруіне себепкер болған адамдардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Кенан Коч. 1996 жылдан бері Абай атындағы ҚазҰПУ-мен қарым-қатынасын үзбеген ғалым алты жыл Түркістан қаласындағы Яссауи Халықаралық Университетінде қызмет атқарған. Бүгінде ол Түркияның Мұға Сытқы Кочман университетінде еңбек етуде. Қазақ тілін екінші ана тілі санайтын ғалым қазақ ғалымдарының түркология, лингвистика саласындағы зерттеулерінің биік деңгейде екеніне сараптама жасап, нақты дәлелдер келтірді.

Қазақ тілінің теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы – Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы  ғылыми еңбектің қажеттілігін, ерекшелігін айта келе, қос ғалымның Филология және көптілді білім беру институтының оқытушыларына, магистранттар мен докторанттарға өткізген дәрістерінің жан-жақтылығын, танымдылығын атап өтті.

Педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің профессоры, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылым академиясының (Ресей) және Халықаралық Ш.Айтматов атындағы академияның (Қырғызстан) академигі Бақтияр Сманов түркологияда әлі күнге толық зерттелмей жатқан Қоқан дәуіріндегі тілдік қолданыстар, шағатай тіліне қатысты дүниелер екендігіне тоқтала келе: «Мұрағаттарда жатқан көне дәуір мұраларын оқи алатын, бүгінгі тілімізге аудара алатын, зерттей алатын буынды қалыптастыруымыз керек» деп кезегін күтіп жатқан мәселелерді тілге тиек етті.

Сондай-ақ жиынға Тіл білімі институтының, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары мен түрколог-зерттеушілер қатысып, еңбек туралы пікірлерімен бөлісті. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Розалинда Әшірбайқызы, Филология ғылымдарының докторлары: Балтабай Әбдіғазиұлы, Гүлбану Сейілбекқызы және еңбектің авторы Али Акар кітаптың тұсаукесер рәсімін  жасап, оқырман қауымға ұсынды.

Айта кететін бір жайт, «ТҮРКСОЙ», «Түркі Академиясы» сынды халықаралық ұйымдар тарапынан бауырлас елдердің ақын-жазушыларының шығармаларын, көркем дүниелерді аудару мәселесі жүйелі түрде жолға қойылған. Елшіліктер мен мәдени ұйымдар, аудармашылар тарапынан жасалып жатқан игі істерден қалың көпшілік хабардар. Ал ғылымның түрлі саласы бойынша зерттеулер, еңбектер, ғылыми стильде жасалған аудармалар әлі күнге аздық етеді. «Түркі тілінің тарихы» атты нақтылыққа құрылған, фактілермен дәйектелген ғылыми еңбек сол олқылықтың орнын толтыруға бағытталған, бауырлас, ниеттес, туыс халықтардың қарым-қатынасын үзіп алмауды мақсат тұтқандығымен құнды еңбек.

Жанна Иманқұл, Ақпарат саласының үздігі

Пікірлер

пікір