008

Роза Рымбаева: «Концертке шақырып, соңынан сызып тастайды»

Қазақ эстрадасының аңызына айналған Роза Рымбаева өзін бірнеше жылдан бері Астанадағы концерттерге шақырмай жүргенін айтты.

Баспасөз конференциясында әншіден не себепті Астана қаласының 20 жылдығына арналған шаралаға қатыспайтынын сұрады, – деп хабарлайды Sputnik.

– Соңғы 5 жыл ішінде мәдениет министрлігінің, президент әкімдігінің бір де бір концертіне қатысқан емеспін. Мені шақырып алып, ертесінде сізді «бағдарламадан алып тастадық» деп хабарласады, – дейді Роза Рымбаева.

– Осы жолы да солай болды. Бастапқыда мені қосқан, мен ғана емес, Нағима Есқалиеваны да шақырған. Кейін хабарласып, алып тастағандарын айтты. Не себепті екенін айтпайды. Биыл мен Астана мерейтойының бір де бір бағдарлама тізімінде жоқпын, – дейді әнші.

Әнші концерт ұйымдастырушыларынан мұның себебін анықтауды сұрады. Рымбаева той әншісі емес екенін, жанды дауыста оркестрмен ән айтатынын еске салды. Оның Астана жайлы, Отан туралы патриоттық әндері дайын. Үнемі осындай бағыттағы әндерді айтатынын атап өтті.

Роза Рымбаева – кеңестік кезеңдегі әрі қазақ эстрадасының әншісі. Киноактриса, педагог-профессор. Қазақ КСР халық әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері. Әнші «Қазақстанның алтын дауысы», «Орта Азияның бұлбұлы» атанған.

Пікірлер

пікір