008

Мемлекет бизнесті жаңадан бастаушыларға қолдау көрсетпек

Биылғы жылы кәсібін жаңадан бастап жатқандарды қаржыландыруға мемлекет тарапынан жалпы сомасы 62,4 млрд теңге бөлінді.

 Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры Жеңісбек Дулатов мәлімдеді.

Оның айтуынша, шағын және орта бизнеске Мемлекет басшысы тарапынан барынша көңіл бөлініп отыр. Осының нәтижесінде, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай шағын несие беруге қосымша 20 млрд теңге бөлінген.

«Жалпы жоспар бойынша 42 млрд теңге қарастырылған еді бастапқыда. Бұл сома биыл қосымша бөлінген қаржыны қосқанда 62,4 млрд теңгені құрап отыр. Оның 45,3 млрд теңгесі ауылда тұратын халыққа және де 17,1 млрд теңге қала мен шағын қала тұрғындарына берілетін болады», деді өз сөзінде Дулатов.

Жалпы, былтырғы жылы елімізде шағын несие беру бастамасы барлығы 7 мың адамды қамтыған екен. Сонымен қатар Елбасының биылғы бастамасымен қосымша бөлінген қаржыға орай 14 мың қатысушыны қамту жоспарланып отыр.

«Бұл өз кезегінде шағын кәсіпкерлердің екінші тынысын ашуы тиіс» дейді сарапшылар.

Ал Жеңісбек Дулатовтың айтып өткеніндей алғашқы кезекте шағын несие өздігінен бизнес бастағысы келетіндер мен мемлекеттен көмек алмайтын, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және де жұмыссыздарға беріледі.

Алайда шағын несие алғысы келетіндер алдымен «Бизнес бастау» бағдарламасымен оқуы тиіс.

«Былтырғы жылы біз барлығы 15 мың кәсіпкерді оқытып шығардық, оның 3000-нан астамы қаржыландырылған болатын. Сондай-ақ қаржы алуға үлгермей қалған 4 мың қатысушы биыл ескерілетін болады. Осы жылы 30 мың жаңа қатысушыны «Бизнес бастаумен» оқытамыз», деді ол осы орайда.

Айта кетсек, елімізде шағын несие беру, негізінен мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында жоғары сұранысқа ие екен. Бұдан сырт қызмет көрсету саласындағы жас кәсіпкерлерге, фрилансерлерге, якорлық кооперацияға мемлекет тарапынан ерекше назар аударылады.

«Ауылдық жердің тұрғындары өнімді өндіре біледі. Бірақ оны әрі қарай үлкен нарыққа қалай шығаратынын, қалай сататынын біле бермейді. Осы мақсатта 10 миллиард теңгені якорлық кооперацияға бөліп отырмыз. Алпауыт өңдеу компанияларымен келісімшартқа отыру арқылы қаржыландырылатын болады», деді Дулатов.

Сонымен қатар ол ауыл тұрғындарына 6 млн теңгеге дейін, якорлық кооперацияға 12 млн теңгеге дейін, Алматы, Астана, Ақтау және Атырау қалаларының тұрғындарына 19 миллион теңгеге дейін, қалған қалаларға 15 млн теңгеге дейін несие берілетінін атап өтті. Қаржыландыру мерзімі жылына 6%-пен жеті жылға жалғасады.

«Бизнес бастауда» оқудың еш қиындығы жоқ. «Бизнес бастауда» оқығысы келетіндер бұрынғыдай жұмыспен қамту орталығына емес, «Атамекен» ҰКП филиалдарына тікелей барып жүгіне алады. Оқудың ұзақтығы 25 күн.

Ал шағын несие алғысы келетіндер осыған қажетті құжаттарды жинастырып, өтініш береді. Әрі қарай олардың өтінімдерін қаржы институты айналасы 2 аптаның ішінде толықтай қарап шығады», деді халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры өз сөзінде.

“ҚмД” ақпарат

Пікірлер

пікір