008

Балалар хирургиясы озық қондырғымен жабдықталды

Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында озық қондырғылармен жабдықталған «Smart School»  оқу сыныбының тұсаукесер рәсімі өтті.

Смарт-класты орталық директоры Риза Боранбаева мен «Самсунг» компаниясының өкілі Анастасия Гулметова ашты.

– Бүгін біз үшін айтулы күн. Балаларға үлкен қуаныш сыйлаған, осы әсем де жарық сыныпты жасап, заман талабына сай жабдықтап берген «Самсунг» компаниясына шексіз алғысымызды білдіреміз. Бұған дейін біздің кішкентай пациенттеріміз барлық пәндер бойынша палаталарында білім алса, енді осы сыныпта білімдерін жалғастырып қана қоймай, бос уақыттарын қызықты да тиімді өткізетін болады. Ертеңнен бастап сурет салу, конструктор құрау, ағылшын тілін үйрену, дойбы, шахмат үйірмелері жұмысын бастайды. Бұл өз кезегінде балалардың тезірек жазылып, сауығып кетуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді ашылу салтанатында Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаева.

Инновациялық оқу бөлмесі онкологиялық дертке шалдыққан балаларға арналған. Орталықта бүгінгі күні 100-ден астам бала ем алуда.

– «Самсунг» компаниясы Қазақстан бойынша еліміздегі мектептерге осы күнге дейін 13 смарт-класс ашты. Біз осындай оқу сыныптарының балалардың, әсіресе, онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға оң әсері тиетінін Ресейдегі Рогачев атындағы онкология және гематология орталығынан білдік. Балалардың жазылып кетуіне біз де өз септігімізді тигізу үшін орталықта ем алатын балаларға Балалар күніне орай сыйға тартуды жөн көрдік. Басты мақсатымыз балалардың сауығып кетуіне үлес қосу, заманауи шешім арқылы балалардың қызықты әрі тиімді білім алуларына мүмкіндік жасау, – деді Самсунг компаниясының өкілі Берік Омаров.

Атап өте кетейік, аталмыш компания өткен жылы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына дәл осындай смарт-класты сыйға тартқан еді.

Осы заманға сай білім беру құралдарымен жабдықталған оқу сыныбында балалар математика, тарих, ағылшын тілі және т.б. жалпы пәндермен бірге шығармашылық жұмыстармен де айналыса алады. Сондай-ақ бұл сыныпта музыка мен ертегілердің көмегімен терапия сеанстары өткізіледі. Орталыққа келіп дәріс беретін мұғалімдер сабақтарды тиімді және қызықты етіп онлайн режімде де жүргізе алады. Онлайн түрінде өтетін сабақтарға енді төсекке таңылған балалар да қатыса алатын болады. Дәрістер жаңа интерактивті оқу әдісімен жүргізіледі. Сынып үлкен интерактивті тақтамен, экологиялық таза жиһаздармен қамтамасыз етілген. Қатысушыларға арналған 20 планшет те қойылған. Сынып іші заман талабына сай әрленіп, безендірілген. Орталықта емделуші балалар сабақтарды жаңа оқу жылынан жаңа форматта оқитын болады. Бүгін гематология бөлімінде ем алып жатқан балалар смарт-сыныпқа алғашқылардың бірі болып отырды.

Келесі аптадан бастап сурет салу, конструктор құрау, ағылшын тілін үйрену, дойбы, шахмат үйірмелері өз жұмысын бастайды. Үйірмелерді «HelpToday» қоғамдық ұйымының 10-ға жуық ерікті өкілдері тегін жүргізетін болады. Сыныптың ашылу салтанатында «HelpToday» қоғамдық ұйымының жетекшісі Эльмира Әлиева дәріс беретін ұстаздармен таныстырып, сыныптың ашылуымен құттықтады.

– «Жақсылық жасасаң, балаға жаса» деген дана халқымыз. Ортақ қуанышымыз құтты болсын! Біз қашанда еліміздің болашағы балалар үшін жақсылық жасауға әзірміз. Балалардың емін үзбей, білімдерін арттырып, шығармашылық жағынан да дамуға мүмкіндік беретін бұл жобаға атсалысқанымызға қуаныштымыз. Бұл ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дәріс жүргізу ісін жеделдетіп, сабақтарды қызықты ете түсетініне сенімдіміз, – деп атап өтті Э.Әлиева.

Шара барысында мойын қатерлі ісігі диагнозымен жатқан 10 жастағы Әлиманың анасы Гаухар Игенбаева ата-аналар атынан сөз сөйлеп, балалар үшін жасалып жатқан қайырымды іс үшін алғысын білдірді.

Озық қондырғылармен жабдықталған «Ақылды сыныпты» Samsung Electronics Central Eurasia компаниясы Халықаралық Балалар күніне орай тарту етті. Игілікті іс  «HelpToday» қоғамдық ұйымының жетекшілігімен іске асты.

Назира ЖҰМАҚҰЛОВА

Пікірлер

пікір