008

«100 жаңа есімге» енген кәсіпкер: «Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіпкерліктің екінші тынысын ашты»

Елімізде жастың да, жасамыстың да бизнеспен айналысуына оңтайлы мүмкіндіктер жасалған. Танымал кәсіпкер, меценат және күні кеше өткен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ісламбек Салжанов осылай деп мәлімдеді.

 

Оның айтуынша, елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына «Бизнестің жол картасы 2020» сияқты мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарламалар дем беруде.

Айта кетсек, Ісләмбек Салжанов «Алтын Қыран» компаниялар тобы мен «Altyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қорын құрған азаматтардың бірі.

«Атамекен» ұлттық Кәсіпкерлер палатасының президиум мүшесі әрі Ақтөбедегі өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстық кеңесінің төрағасы атанған.

«Біз кәсіпкерлікпен айналыса бастаған сонау аумалы-төкпелі жылдар мен қазіргі заманның ахуалы жер мен көктей.
Мойындауымыз керек, 1993 жылы мединститутты бітіргенімде, Қазақстан аса ауыр жағдайда болатын. Әлі бауырын көтермеген жас мемлекет едік. Кеңес Одағы тарап тынып, Батыстағы сияқты нарықтық экономика енді-енді қалыптаса бастаған.

Ал қазіргі екінші деңгейлі банктер ол кездері атымен болған жоқ. Біз жеке бизнестің не екенін білмедік, тіпті бұл мақсаттағы нақты кітаптар да болмады.

Әлі есімде, әйгілі Дейл Карнегидің жалғыз кітабын бір қолдан бір қолға өткізіп, капитализмнің қалай жұмыс істейтінін біртіндеп ұғына бастадық. Ауылда азық-түлік нарығынан бастап, бүгінгі күнге жеттім. Ең бастысы, тауың шағылса да берілмеу керексің, қателік жасаудан қорықпау қажет», деді Ісламбек Салжанов ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасында өткен «Менің табысымның тарихы ел табысының тарихы» атты шығармашылық кездесуде.

 

Сонымен қатар кәсіпкер осы кездесуге келген студенттер, жастар мен өзге де азаматтарды бизнеспен белсенді түрде айналысуға шақырды.

Оның айтуынша, мемлекет бұл тарапта бизнеспен айналысуға ниеті бар азаматтарға барынша жағдай жасауда. Айталық, бір ғана былтырғы жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен  49,1 млрд теңге бөлінген екен.

Аталған жобаның арқасында елімізде мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары үлкен қолдауға ие болып, несиелерді кепілдендіру мен несие ставкасын субсидиялау шаралары жүзеге асырылды. Мұндай шара ТМД кеңістігінде алғаш рет тек Қазақстанда ғана жүзеге асырылып отыр.

«Бұл мемлекеттің халыққа көрсетіп жатқан көмегі. Бұл мүмкіндікті пайдалану керек.

Барлығыңызды бизнеспен айналысуға шақырамын.  Бірақ бұл үшін не істеу керек?

Әрине, бірінші кезекте өзің білетін әрі өзіңе оңтайлы келетін мамандықты немесе саланы таңдап алған жөн. Сүйікті ісіңмен айналысып, одан үлкен ләззат алып, қомақты қаражат таба аласың. Бұдан артық не керек?

Жастарға да, өзгелерде де айтарым, ешкімнен жұмыс сұрамаңыздар. Өздігіңізше  кәсіпкерлікпен айналысып, керісінше өздеріңіз жұмыс орындарын ашатын жағдайға жетіңіздер.

Ілгеріде айтып өттім, елімізде соңғы уақыттары кәсіпкерлікке қолдау өте жоғары деңгейде көрсетіліп келеді.

Жастар арасындағы кәсіпкерліктен бастап, ауыл шаруашылығы саласына дейін түрлі-түрі бағдарламалар бар», – дейді «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.

Ісләмбек Салжановтың айтуынша, кәсіпті бастардың алдында «бастапқы капиталды қайдан табамын?» деп күмілжитіндер көп. Оның пікірінше, табыс әкелетін жан-жақты ойластырылған жобаға кез келген уақытта инвестор табылады.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында түрлі гранттар да көптеп берілуде. Ең бастысы, жақсы идея мен ынта-ықылас керек деп санаймын өз басым.
Ал ынта-ықыластың ыстығы басылып қалмау үшін үздіксіз ізденісте жүрулеріңіз керек.

Мысалға, мен о баста кітап оқуды қолға алдым және әлі күнге дейін кітап оқуға ерекше мән беремін.

Ірі компаниялар мен бизнесмендер туралы жігер беретін кітаптар жақсы көмектеседі. Бұрын қажетті кітаптарды Мәскеуден алатын едім, қазір ауылда отырып-ақ, интернеттен үздік бестселлерлерді оқуға болады. Ол үшін ағылшын тілін білу керек. Ағылшын тілі біріншіден, халықаралық тіл, екіншіден бизнес тілі.

«Рухани жаңғыру» аясында үздік кітаптар қазақ тіліне аударылып жатыр, бірақ жер жүзіндегі барлық оқулықты аудару мүмкін емес.

Жыл сайын миллиондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Әлемдік үрдістен қалып қоймау үшін, жалғыз жол ағылшын тілін үйреніп, түпнұсқада оқу», – деп кеңес берді жиналған жұртшылыққа Ісләмбек Салжанов.

Пікірлер

пікір