008

Балабақшада отбасы құндылықтарын үйрету маңызды

Алмалы ауданына қарасты № 9 балабақшада Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ас атасы – нан төңірегінде ашық оқу қызметі өткізілді. «Нан дастарқанға қалай келеді?» деген тақырыпта өткен ашық сабаққа балабақша меңгерушісі, әдіскерлер, музыкалық жетекшілер мен бір топ тәрбиешілер қатысты.

Айта кетейік, бұл балабақшада отбасылық құндылықтарға аса үлкен мән беріледі. Балабақша қызметкерлері бүлдіршіндерді ата дәстүрін сақтайтын инабатты да ибалы етіп тәрбиелеп, үлкен-кішіні сыйлай білуге үнемі үйретіп отырады. Сонымен қатар балалардың құқықтық дүниетанымын арттыруға, адамгершілік қасиеттерін дамытуға, өз пікірлерін еркін білдіріп, тұжырым жасай алуына, еңбек етуге ерекше баулиды. Осы ретте, аталмыш балабақшада нанның қадірін балаларға жастайынан түсіндіру де жолға қойылыпты.

– Өйткені астың, дәмнің үлкені – нан. Нан қасиетті. Адам кез келген тамақты екі күн жесе, ол қанша нәрлі болғанымен сол тамақтан жалығады. Ал бірақ адам баласы өмір бойы наннан шықпайды. Дастарқаныңыздың үстінде күнде нан тұрмаса, көңіліңіз де, дастарқаныңыз да – орта, берекеңіз кетіп, дүние ойсырап тұрған секілді, басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Нанның қасиеттілігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Сондықтан оның қадірін бүлдіршіндерге түсіндіріп отыру – әрбір азаматтың міндеті, парызы, – дейді балабақша тәрбиешісі Күлсімхан Нұрпейісова.

Шынында да, тағамның ең асылы – нан. Балабақша қызметкерлерінің бүкіл тіршіліктің өзегі – нанды қастерлеуге шақыруы өте құптарлық іс деп есептейміз.

Мұны өткізудегі негізгі мақсат – балаларды нанды қастерлей білуге үйрету, нанның қандай жолмен келетінін айтып түсіндіру. Сондай-ақ бүлдіршіндерге нан туралы тақпақ, жұмбақ айтқызып, олардың ой-өрісін, сөздік қорын дамыту да негізгі міндет етіп қойылды.

«Нан – қасиет, нан – береке, нан – мереке» демекші, болашақ қоғам азаматтарын ас атасы – нанды қастерлеуге шақыруды, еңбекке баулуды балабақшадан бастап жалғастыратын болсақ, онда шынымен де, ертең мұның оң нәтижесін көретініміз анық. Нан қадірі жан қадірінен еш кем еместігін ұққан бала ешқашан жаман болмайды.

Айта кетейік, өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарап, 16 жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан Күлсімхан Нұрпейісова – бойындағы дарынын өз ісіне шебер пайдалана білетін білікті тәрбиеші. Ең бастысы, ол балаларды елін, жерін сүюге тәрбиелеп отыр. Балабақшадағы балаларға қамқор болып отырған аяулы жан жақында немерелі болып, сүйікті әже атанды. Аналық махаббатын өз балаларына ғана емес, балабақшадағы әр бүлдіршінге арнайтын білікті, тәжірибелі тәрбиеші Күлсімхан Нұрпейісоваға жұмыста табыс, жанұяда бақ-береке тілейміз.

Серік ЖҰМАБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі.

Пікірлер

пікір