008

«Өңірлерді дамыту – 2020»: Солтүстік Қазақстанда қандай өзгеріс бар?

Премьерминистр Бақытжан Сағынтаев Астана әкімі Әсет Исекешев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесуде «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасына басымдық беру қажеттігін айтқан болатын.

Үкіметбасы тапсырмасына орай күні кеше «Өңір» депутаттық тобы Солтүстік Қазақстан облысына арнайы барды.

Олар өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің өзекті мәселелері мен келешегін талқылап қайтты.
«Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Михаил Бортник өз сөзінде «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында аймақтағы өндіріс өнімділігін арттыру, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын түбегейлі ұлғайту міндеті алға қойылғанын тілге тиек етті.

«Елбасымыз өз сөзінде «жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек. Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет», – деп атап өткен.

Президент агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін 5 жыл ішінде арттыруды және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды кем дегенде 2,5 есе ұлғайтуды тапсырды. Осы міндеттерді іске асыру үшін осынау бағдарлама аясында ауқымды жұмыстарды атқару қажет», – дейді Михаил Бортник.

Депутат Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралау барысында көз жеткен кейбір оң нәтижелерге қарамастан, бірқатар өзекті мәселелерді де атап өтті.

Оның ішінде шикізатты дайындау мен сақтау жүйесінің кенже қалуы, қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігінің шектеулі болуы, ауыл шаруашылығы ғылымының өндірістен алшақтығы, тауар өткізу нарықтарының тарыла бастауы және тағы басқа мәселелер айтылды.

M.Бортниктің сөзінше, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының, сондай-ақ тауар өндірушілердің ресурстарын тарта отырып, бұл мәселелерді кешенді түрде шешу керек.
Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев өз кезегінде өңірдегі астықты жан-жақты өңдеу мен өнімдерден қосымша құн алудың маңыздылығын атап өтті.

«Бидай, мал шаруашылығы, майлы дақылдар мен сүт саласы бойынша айтарлықтай экспорттық әлеуеті бар, астық дақылдарын өндіруде әлемде екінші орын алатын Қазақстанға дүниежүзінің азық-түлік нарықтарына шығудың тамаша мүмкіндіктері бар» дейді ол.

Ал сенатор Ерік Сұлтанов болса ауыл шаруашылығы өнімдерін бұдан да терең өңдеуге көшіру қажеттігі мен жоғары қосымша құнмен экспортқа шығу туралы айтты. Талқылауға сенаторлар Ерік Сұлтанов, Рашит Әкімов, Бекмырза Еламанов, Мұратбай Жолдасбаев және Сергей Плотников, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдардың, шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшылары қатысты.

Сенаторлар көшпелі отырыс барысында «Тайынша май» серіктестігінде, «BioOperations» (дән ұлпасы мен крахмал зауыты), «Петропавл трактор зауыты», «Маслодел», «РимКазАгро» мекемелері мен ет комбинатында болып, өндіріске инновациялық технологияларды енгізу жұмыстарымен танысты.

 

 

 

Пікірлер

пікір