008

Электронды декларациялаудың ерекшелігі көп

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы тұрғысында озық технологиялар мен автоматтандыру процестерін енгізу және бақылау функцияларын азайту арқылы бизнес өкілдеріне қолайлы жағдай жасау маңызды. Осы орайдакеден саласындағы электрондық декларациялау жүйесінің енгізілуі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне жатады. Аталмыш бағытта жасалып жатқан жұмыстар төңірегінде Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл» кеден бекетінің басшысы Бекбергенов Асқар Қорқытбайұлын әңгімеге тартқан едік.

         – Асқар Қорқытбайұлы, кеден саласында енгізілген электронды декларациялау мәселесі төңірегінде айтылып жүрген әңгіме өте көп. Сондықтан да  сұхбатымызды  «Электронды декларациялаудың маңызы мен ерекшелігі неде?» деген сұрақтан бастасақ?

         – Жалпы, кеден саясатының негізгі міндеттерінің бірі – сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тиісті жағдай жасау және сыртқы сауда айналымын жетілдіру жолында кедендік бақылау мен ресімдеу функцияларынеш кедергісіз жүргізу болып табылады. Яғни, шекарадан өтетін тауарлар мен көлік қозғалысын жеделдету, құжаттар санын азайту және кеден қызметкері мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушы арасында тікелей байланыс болуына мүмкіндігінше жол бермеу. Ол үшін кедендік бақылау мен ресімдеудің бүкіл процестері автоматты түрде тәуекелді басқару циклына көшу керек. Соның негізгі мысалы ретінде үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастапимпортталатын тауарларға байланысты «Астана-1» автоматтандырылған электронды жүйесі енгізілді. Бұл жүйенің ерекшелігі – сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылар кедендік декларацияны электронды түрде кеден органына келмей-ақ, ғаламтор байланысы арқылы  өзінің жұмыс істейтін кеңсесінен шықпай-ақ жібере алады.

Ал енді әңгіме орайында жалпылама сөз емес, «Астана-1» электронды жүйесінің  өркениет талабына байланысты негізгі ерекшелігіне тоқталайын. Біріншіден, электронды декларациялау бірыңғай технологиялық платформа шеңберінде барлық процестерді интеграциялауға мүмкіндік береді. Екіншіден, мәліметтерді ақпараттық талдау барысында, статистикалық мәліметтер алу мен тиісті могиторинг жасау кезінде  үлкен жеңілдік тудырады. Үшіншіден, кедендік құжаттарды форматтауды бір жүйеге түсіреді. Төртіншіден, тәуекелді басқару мен пост-аудит жұмысын дамытуға ықпалы үлкен. Бесіншіден,  кедендік төлемдерді өндіру мен есепке алу жұмыстарын да автоматты түрде жүзеге асырады. Алтыншыдан, тауардың тиісті рұқсаттық құжаттары бойынша тарифтік емес бақылау шеңберінде басқа да бақылаушы органдармен байланыс шараларын бірыңғай  база бойынша автоматты түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мысалы, электронды декларациялау енгізілген екі айдан астам уақыт ішінде «Астана-1» электронды жүйесі бойынша «Алтынкөл» кеден бекетіне қарасты «Қалжат», «Жаркент», «Алтынкөл» өткізу пункттері мен шекара маңы халықаралық ынтымақастығы «Қорғас» бақылау-өткізу пункттерін (МЦПС) қосқанда 2759 тауардың декларациясы ресімделді. Алдағы уақытта бұл цифрлық көрсеткіш бірнеше есеге көбейетініне еш күмән жоқ. Сол үшін Ерлан Құмарбекұлы Нұрланбаев басқаратын облыстық кірістер департаментінің ұжымы мен оның кеден ісі бойынша орынбасары Сырым Амангелдіұлы Дынбаев тарапынан сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға арнап консультативтік кеңестер мен «дөңгелек столдар» және семинарлар өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары кеңінен қолға алынуда.

– Осы орайдакеден қызметкерінің және адам факторының ықпалынсыз жүзеге асырылатын «Тәуекелді басқару жүйесі» дегенге толық түсінік бере кетсеңіз?

         – Тәуекелді басқару жүйесін енгізу Бүкіләлемдік сауда ұйымы мен Бүкілдүниежүзілік кеден ұйымының талаптары негізінде жүзеге асырылып отырған шара. Электронды декларациялау дегеніміз – сол тәуекелді басқару жүйесін автоматты түрде жүзеге асыратын механизм. Сонымен қатар, Елбасымыз өзінің «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бес институтуционалды реформасының 38 қадамында экспортерлар мен импортерлар үшін кедендік процедуралардан өту кезінде «Бір терезе» қағидатын енгізу, электронды декларациялау жүйесін дамыту және тауарға қатысты құжаттар саны мен оларды тексеруден өткізу уақытын қыстарту жөнінде маңызды міндеттер қойды.Сонымен қатар, Елбасымыз еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену үшін Бүкілдүниежүзілік банкінің «Doing Business» рейтингі бойынша барлық көрсеткіштерді жақсарту жөнінде республика үкіметіне нақтылы тапсырмалар берді.  Осы орайда қолданыстағы заң саласындағы қолайлы реформаларды жүзеге асырудың, әкімшілік қысымға тосқауыл қоюдың, рұқсат беру жүйесін жетілдіру мен оңайлатудың және бизнес климатты жақсартуда тиісті процедураларды бір жүйеге келтірудің алғы шарттары жасалды. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы аталмыш банктің сарапшылары жасаған рейтинг бойынша 2016 жылы 51 орында болса, 2017 жылы 35  орынға көтерілді. Сол рейтингтің ішінде «Халықаралық сауда» индикаторы негізінен кеден саласының жұмысына тікелей байланысты. Өкінішке орай, осы индикатор көрсеткіштері бойынша сәл артта қалушылық байқалады.

Ал енді алдағы уақытта электрондық декларациялаудың енгізілуі мен тәуекелді басқару тетіктерінің жетілдірілуі біздің еліміздің «сыртқы сауда» индикаторы бойынша жұмыс нәтижелерін жоғары биікке көтеретініне сеніміміз мол.

Ал енді сөзіміз түсінікті болу үшін тәуекелді басқару дегеніміздің негізгі механизмдеріне тоқтала кеткенім жөн шығар. Мысалы, импортталатын тауарлардың құрылымына және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың тәуекел категориясына байланысты кедендік ресімдеу кезінде тауардың декларациялары «жасыл», «көгілдір», «сары» және «қызыл» дәліздерге бөлінетінін айта кеткен орынды болар.  Бұл айтып отырған дәліздердің барлығы кеден қызметкері арқылы емес, тәуекелді басқару жүйесі арқылы автоматты түрде айқындалады. Атап айтсақ, кедендік ресімдеу кезінде тәуекелді басқару жүйесі автоматты түрде тауардың құрылымына байланысты «кедендік құнды тексеру», «сараптама жасау», «кедендік тексеру»  немесе белгілі бір тауарларға байланысты ғана тәуекелді көрсетуі мүмкін. Сол кезде кеден қызметкері тәуекел бейімі көрсеткен шеңберде ғана әрекет ете алады.  Атап айтсақ, кедендік ресімделуі кезінде автоматты түрде тәуекелді басқару бойынша «жасыл дәлізге» түскен тауардың декларациясы ешбір кедергісіз және тексерусіз шығарыла береді. «Жасыл дәлізге» түскен тауарды кеден қызметкері өз бетімен тоқтатуға және тексеруге құқылы емес. Және де әрбір тауар декларациясының тіркелген уақыты мен шығарылған уақыты автоматты түрде қатаң бақылауға алынған. Егерде тауардың декларациясының шығарылу мерзімі тәуекел бейімі бойынша көрсетілген дәліздегі  уақыттан  белгісіз себеппен асып кететін болса, онда кеден қызметкерінің үстінен  қызметтік тексеру жүргізіліп, тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Яғни, кеден қызметкері мен тауар иесінің немесе декларанттың арасында ешқандай тікелей байланысқа, былайша айтқанда адам факторының ықпал етуіне жол берілмейді. Бұл дегеніңіз қазіргі уақытта бүкіл қоғам болып күресіп жатқан сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің орын алуына жол бермеудің енгізгі алғы шарттарының бірі болып табылады.

-Кеден органының негізгі міндеттерінің бірі – кедендік төлемдерді ұлғайтужәне кеден саласындағы құқық тәртібін бұзушылықты әшкерелеу болып табылады. Осы орайда төлемдерді толықтай  өндіруде және құқық бұзушылықтың алдын алуда қандай нәтижелерге қол жеткізілді. Осыған нақтылы тоқтала кетсеңіз?

Бұл мәселеде Ерлан Құмарбекұлы Нұрланбаев басқарып отырған Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығы біздің алдымызға үлкен міндеттер қойып қана емес, соны жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.

Мысалы, департаментте кеден заңдылығын қатаң сақтау жолында бақылау-профилактикалық шараларды жүзеге асыру үшін жұмысшы тобы құрылды. Кедендік ресімдеуден бастап кедендік тексеруге дейінгі барлық жұмыс процестері қатаң бақылауға алынды.

Әрбір кеденшінің іс-әрекеті басшылықтың ғана емес, ішкі қауіпсіздік қызметі мен экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерінің де қатаң бақылауынан тыс қалып жатқан жоқ. Соның нәтижесінде тауардың декларациясында мәлімделетін тәуекелге жататын тауарлардың үлес салмағы он есеге азайып қана қойған жоқ, кедендік төлемдерді өндіруде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді.

Атап айтсақ, бес айдың ішінде республикалық бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардан түскен пайда 11 миллиард 164 миллион 616 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 52 пайызға көп. Бұған қоса импортталатын әр жүк көлігінен өндірілетін кедендік төлемдер орта есеппен екі есеге ұлғайды. Яғни, 2 миллион теңгеден 4 миллион теңгеге дейін көтерілді.

Сонымен қатар, кедендік тексеруді тыңғылықты жүргізудің нәтижесінде кейбір көлік құралынан өндірілетін кедендік төлемдер 16 миллионға дейін барды.Бұл көрсеткіш өткен мерзіммен салыстырғанда 8 есеге көп.Тағы да бір айта кетерлік жағдай – сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тиімді жағдайлар жасау нәтижесінде тауар айналымы да күн санап артып келеді. Бұл айтқанымызға 2017 жылдың бес айында тауар айналымының жалпы сомасы 1 миллиард 357 миллион АҚШ долларын құраса, үстіміздегі жылдың айтулы мерзімінде 1 миллиард 588 миллион 820 мың АҚШ долларын құрағаны дәлел.

Жалпы фискалдық сала ғана емес, кеден заңнамасын бұзуды әшкерелеу бағытында да оңтайлы өзгерістерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың бес айының ішінде жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде тәуекелді басқару жүйесі мен инспекциялық тексеру кешенінің анықтауы негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 234 бабының 1 тармағы бойынша (экономикалық  контрабанда) 21 қылмыстық іс қозғалды. Мысалы, 2017 жылдың 5 айы ішінде 174 әкімшілік құқық тәртібін бұзу фактілері әшкереленіп, нәтижесінде 11 166 880 теңге ғана айыппұл өндірілген болатын. Ал үстіміздегі жылдың бес айы ішінде 536 әкімшілік құқық тәртібін бұзу фактілерін әшкерелеу нәтижесінде 44 993 255 теңге айыппұл өндірілді.

– Соңғы сұрақ. «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығы бақылау-өткізу  пункті ашылғалы бері сол орталықта болып жататын проблемалар әлі бітпеген сияқты. Осы мәселенің себеп-салдарына тоқтала кетсеңіз?

– Әрине, жұмысымызда кемшілік жоқ, барлық шаруа төрт аяғынан тік тұр деп айтуға келмейді. Атқарылатын жұмыстар әлі де жетерлік. Әсіресе, «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығында (МЦПС)  ақшаға жалданып, басқа біреулердің («челноктардың») тауарын шығарып беретіндермен  («несундар») күрес табанды түрде жалғасуда. Сондай «несундар» орталыққа жеке шаруасымен және туризммен келген адамдарға қолайсыз жағдайлар тудыруда.Ондайлар тауарды алып өту барысында кедендік төлемнен жалтару үшін ештеңеден тайынбайды, небір құйтырқы әрекеттерге барады. Дегенмен, өткен жылдармен салыстырғанда біршама тәртіп орнады деп айта аламын.

Ең негізгісі – орталықты ішкі істер органының қызметкерлерімен бірлесе отырып күрес жүргізудің нәтижесінде кеденшілер мен жекелеген адамдарға ықпал ететін бандиттік құрылымдардан арылтуға қол жетті. Себебі, кеденшілерге қол көтеріп, өз ықпалын жүргізуге тырысқан әрекеттер де болғаны жасырын емес. Ондайлар тиісті жазаларын алды. «Несундарды» қатаң бақылауға алудың нәтижесінде  заңсыз тауар айналымы да азайып, бір жүйеге түсіп  келеді. Атап айтсақ, өткен жылдың бес айы ішінде жеке тұлғалардан кедендік кіріс ордерін ресімдеу арқылы өндірілген кедендік төлемдер бар-жоғы 1 миллион 435 мың теңгені ғана құраса, үстіміздегі жылдың бес айы ішінде 733 кедендік кіріс ордері ресімделіп, кедендік төлемдердің өндірілуі 23 миллион 522 мың теңгеге жетті. Аз болса да  ілгері басудың нышаны бар.

Мысалы, сол орталықтан күніне орта есеппен үш жарым мыңға жуық адам өтеді. Жазды күндері жеті мыңға дейін баратын кездері болады. Бір ауысымдағы жиырмадан асатын ғана қызметкерлермен темірдей тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан да алдағы уақытта аталмыш учаскеде  тиісті тәртіпті орнату жолында негізгі шаралар жиынтығы қолға алынып жатыр. Сол шараның бірі – тауар айналымын есепке алуды цифрландырып, тауарды жолаушылар айналымынан бөлшектеу.

Осы орайда, үстіміздегі жылдың  10 мамырында департамент басшылығының ықпал етуімен көршілес қытай жағымен  тиісті келісімдер жасауға қол жеткізілді. Соның нәтижесінде көршілеріміз өз жағына тауар айналымы мен жолаушылар көлемін дұрыс бақылауға алу үшін дүкендерде сатылған тауарлар мен адамдардың есебін дұрыс жүргізу жолында серверлік қондырғыны және жүйені тестілеу турникетін орнатуға уәде берді.

Бұл шара келісім бойынша үстіміздегі жылдың 20 тамызына дейін аяқталуы тиіс. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді ғой қазақта. Сондықтан да бұл орталықта да темірдей тәртіп орнайтын күн алыс емес деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, кеденде кедергі көп деген стереотиптік пікірден арылатын уақыт келді. Өз кәсібін сыртқы саудамен байланыстырамын деген адамдарға әрдайым есік ашық. Халықтың осыны білгені абзал.

 

 Бекен Төлеужанұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.

 

        

 

        

Пікірлер

пікір