008

Пашинян екі айдың ішінде не атқарды?

Никол Пашинянның Армения премьер-министрі атанғанына екі айдан асты. Осы аралықта не атқарды ол?  Илья Куса есімді украин сарапшысының мына мақаласына назар аудармай өте алмадық.

1.  Пашинянмен арадағы екі айға созылған текетірестен кейін Саргсянның оң қолы, Ереван әкімі Тарон Маргарян отставкаға кетті.

2.  Билікті бет алды мақтайтын Армения телеарнасының басшыларын орнынан алды. Қаржылық аудит жүргізіп, қылмыстық іс іс қозғады үстерінен.

3. Ескі үкіметтің құрамында болған шенеуніктерді сүзгіден өткізді.

Аймақтардағы мэр мен губернаторлардың дерлігін қызметінен қуды.  

4. Саргсянмен сыбайлас олигархтарға тиесілі ірі супермаркеттерге бойкот жариялады.

Әлгілер бағаны төмендетуге мәжбүр болды. 

5. Армян сарбаздарына арналған гуманитарлық көмекті үйіне тасыған генерал Манвел Григорян мен әйелінің қолына кісен салды. Қамаудан қорыққан Григорянның ұлы (әрі Эчмиадзин қаласының әкімі) Сочиге қашты.

6. Президент Саргсянды күзеткен Вачагел Казарянның 9 млн доллар мемлекет қаржысын қолды қылғанын анықтап, абақтыға жапты. 

7. Елдің бұрынғы президенті Роберт Кочарянмен байланысы бар «Спайка» компаниясының осы күнге дейін салықтан жалтарып келгенін анықтады.

Кочарянның үстінен 2008 жылы Ереванда шеруге шыққан жазықсыз жұртты қудаладың деп іс қозғады. Экс-президент Ресейге тайып тұрды.

8. Серж Саргсянға да тықыр таянды. Экс-премьердің отбасына қарасты қорларды, құрылымдарды түгелдей сүзіп шықты. Саргсянның төрт бірдей інісі – Сашик, Левон, Нарек, Айка және қарындасы Ани Саргсянға іздеу жариялады. Іс насырға шаппай тұра бесеуі де шетел асқан-тұғын.

9. Қызметін асыра пайдаланған ауылдық жердегі ақылдастар кеңесінің 71 жетекшісінің үстінен қылмыстық іс қозғады Пашинян.  

10. Экс-қорғаныс министрі Микаэль Арутюнянға 2008 жылы Еревандағы шерудің шырқын бұзғаны үшін іздеу жариялады. Ол да ізін жасырын үлгеріпті. 

11. Экологиялық апаттың алдында тұрған Сюник облысының басшылығын мұндағы жағдайды өз көзімен көргесін жұмыстан қуды.

12. Ресейдегі армяндар құқығын қорғайтын жаңа ұйым құрды. Ескі ұйымды тиімсіз әрі жемқорлыққа батқан деп тапты. Оның жетекшісі олигарх Ара Абрамян тергелу үстінде.

13. Елден жырақта жүрген армяндарды отанына қайтару мақсатында «Армения жүрегімде» дейтін жобаның тұсауын кесті.

14. «Армения Әзірбайжанға Таулы Қарабақты қайтарып берсін» деген Жириновский жетекшілік ететін партия мүшесі Владимир Савельевті партия қатарынан шығарып тынды.  

15. Фейсбукте тікелей эфирге шығуды дәстүрге айналдырды. Күнде кешке (кейде күн ара)  желідегі жұрт Пашинянмен пікірлесіп жүр қазір.

16.  Үкіметті, өз әкімшілігін Apple-дан Арменияда жасалған ArmTab компьютерлеріне көшірді. 

17. Олигарх Самвел Карапетянға тиесілі «Ташир Групп» компаниясын жағдайы төмен отбасылар үшін электр тарифін 10 драмға арзандатуға көндірді. Бұған әрең иліккен Карапетянға да тықыр таяп қалды.   

18. «Газпром Арменияны» тұрмысы төмен отбасылар үшін газ тарифін 20 пайызға төмендетуге міндеттеді. Жеңілдетілген бұл тариф бір жылға жарамды, ар жағында мерзімінен бұрын өткізілетін сайлау да келіп қалады.

 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ

Пікірлер

пікір