008

«KazakhExport» кәсіпкерлерге тиімді сақтандыру займдарын ұсынды

Алдағы уақытта Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысының халқы Ресейден импортталатын көкөніс өнімдеріне деген мұқтаждықтан құтылатын болады. Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды. 

 Бұған Астанада өткен «Kazakh Export» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «GreenCapital» ЖШС және «Сбербанк» АҚ арасындағы екі жақты займдық сақтындыру келісімшарты негіз болмақ.

Келісімшартқа сәйкес алдағы уақытта «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Сбербанк» АҚ-ы аймақтың аграрлық саласын несиелеуге бел буып, білек сыбана кіріспекші.  

Осы ретте «KazakhExport» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-ы несиелік сақтандыру займын қолдау мақсатында 5,1 млрд. теңге бөлгенін айта кетуіміз керек.

Ауқымды  аграрлық жоба аясында әлемде жылыжай салу саласындағы көшбасшы KUBO GreenhouseProjects B.V. (Нидерланд) компаниясының технологиясы бойынша өңірде 6,7 гектар жерге заманауи жылыжай кешінін салуды көзделіп отыр. Бұл жоба аясында 60 тұрақты жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Жобаны іске асырушылар жаңа жұмыс орындарына негізінен жергілікті тұрғындар тартылатынын алға тартты.

– Біз 2017 жылдың қазан айынан бері жобаны іске асыруға кірісіп кеттік. Жоба бойынша 21,7 гектар жерге жылыжай кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте 2018 жылдың қараша айында 6,7 гектарлық жылыжайды іске қоспақшымыз.

Жылыжайдан алынған өнімдерді Ресейдің миллион халқы бар ірі қалалары мен өзіміздің Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысының тұрғындарына саудалайтын боламыз

– деді «Green Capital Kazakhstan» компаниясының қаржы директоры Эмиль Милушев.

Компания өкілінің айтуынша, соңғы бес жылда дәл осындай ауыл шаруашылығына қатысты жобаларды «Сбербанк» сәтті жүзеге асырып, мол іс-тәжірибе жинапты.

Осы маңызды іс-тәжірибені басшылыққа алған «Kazakh Export» компаниясы қазақстандық кәсіпкерлерге тиімді несиелік сақтандыру жүйесін ұсынып, еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға күш салуда.

– Бүгінде ауыл шаруашылығына қатысты қандайда бір жобамен екінші деңгейлі банкке ұсыныс жасасаңыз, олар бірінші кезекте кепілдеме сұрайтыны жасырын емес. Осы ретте «Kazakh Export» компаниясының өнімі банктер талап ететін негізгі кепілдеме болып тұр. Бұл бизнесті дамыту үшін қолайлы құрылғы десек болады, – деді компания өкілі.

Өз кезегінде «Kazakh Export» ЭСК» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Руслан Искаков шарулар үшін мұндай тәуекелі зор іске барғанын былайша түсіндіріп берді:

– Егер еліміздегі екінші деңгейлі банктердің портфельдері осындай инвестициялық жобалармен ұдайы толығып тұратын болса, мұндай жағдайда Қазақстанның экспорттық әлеуеті артып, елімізде өнім өндірудің көлемі арта түседі, – деп ойын ортаға салды.

Жаңа жобаға қатысты «Сбербанк» АҚ-ы өкілдері де пікір білдірді.

– Бүгінде Сбербанк Қазақстан территориясында өндіріліп, сырт елдерге экспортталатын өндірістік жобаларды қаржыландыру ісіне белсене қатысып келеді. Алдағы уақытта «Green Capital Kazakhstan» компаниясы қолға алған жобасын сәтті жүзеге асырып, дайын өнімдерін «Лента» сынды ірі сауда орындарына шығарып саудаларына сенімдімін.

Ал Сбербанк болса маңызды жобаны қолға алған компанияға Қазақстан мен Ресей аумағында кешенді қаржылық қызметін ұсынып, әріптестік аясын кеңейте түсетін болады, – деді «Сбербанк» АҚ-ның Басқарма Төрағасының орынбасары Елдар Теңізбаев.

Жоба толықтай іске асқан кезде заманауи жылыжай кешенінен бір жылда орта есеппен 4000 тонна қызанақ алуға болады.

Алғашқы 7 жылда жобаны іске асыруға Қазақстан бюджетінен 460 млн. теңге жұмсау көзделген.

Пікірлер

пікір