008

Көшім: “Сағадиев сөз тыңдамайды”

Сағадиевті сөз етіпті. Үштілділіктің олқылықтарын, латын әліпбиі туралы ойын айтқан екен Дос Көшім. Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды. 

«Үштілділікті мектеп бағдарламасына енгізудің амалдары тым тұрпайы.

Балаға бірінші сыныптан бастап үш тілді үйрету тым ауыр. Бұғанасы қатпаған, оң-солын танымаған баланың басын қатырудың қажеті шамалы.

Баланың моральдық, психологиялық дайындығы тұрғысынан мүлде мүмкін емес дүние бұл. Мұны сіз де, біз де түсінеміз. Тек Білім министрі бет бақтырар емес.

Маған салса үш тілді енгізуді он жылға тоқтатар едім. Асықпайық. Латын әліпбиін меңгеріп алайық алдымен. Қоғамдық өмірімізге кіріксін. Қолымыз төселсін, көзіміз үйренсін.  

Балаға 5-сыныпқа дейін орыс, ағылшын тілін тықпалауды тоқтату қажет, жалпы.

Екінші мәселе, Білім министрі жоғары сыныптарда негізгі төрт пәнді ағылшын тілінде оқытам деп жінігіп жүр. Бұл енді таза тыраштану. Қалай алып қарасаңыз да ақылға сыймайтын әрекет.  Ұлттық негізден айырылудың ең оңай жолы осы.

Одан кейін мүмкіндік жоқ. Жарайды, отыз мың ұстазды оқыттық делік. Америкадан, Англиядан адам шақырттық делік. Бірақ сол ұстаздардың сабағын ағылшын тілінде анық ұғатын үш жүз мың оқушы бар ма бізде?

Айтудайын айтып жатырмыз. Ұрсып та айттық, жұмсартып та айттық. Жоғарыға жеткені шамалы. Сағадиев селт еткен жоқ. Қарсылық көрсеткеннен басқа амал қалмады.

Болмайды! Болды. Бітті. Қарсымыз. Ақырғы амал осы. Бүтін бір ұрпақты дүбәрә қылмау үшін Білім министрлігінің шала-шарпы жасалған жобаларына кесе көлденең тұруымыз қажет. Мемлекеттік тілдің дәрежесін көтере алмай жүргенімізден Сағадиев хабардар ма өзі?

Өзіміздің көзқарасымызды, ұстанымызды нақты айтатын уақыт жетті әлдеқашан. Байқасаңыз, Үкіметтің өзі екіұдай күйде отыр. Әуелі биылдан бастаймыз деді, кейін келер жылға шегереміз деді.

Тоқ етерін айтқанда, биылдан кешікпеуіміз керек. Көп қорқытады. Билік қоғамнан қорықса, қоғаммен санасса үштілділік дегенді ұмытсын. Сағадиев айылын тартсын.

деген екен Дос Көшім “Неге солай?” бағдарламасына берген сұхбатында. 

Пікірлер

пікір