008

Шоу-бизнес жұлдыздары «Хан Тәңірі» шыңын бағындырмақшы

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Жетісу өлкесінің туризмін дамыту мақсатында Алматы облысында Хан Тәңірі шыңына алғаш рет медиа-саяхат ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Хан Тәңірі – көк түріктің күмбезі секілді, қазақ баласы үшін қасиетті шың. Қазақстан көлеміндегі ең биік нүкте де осы. 7010 метр. Тау баласы тауға қарап өседі деп бекер айтылмаған. Сондықтан болар, осы әдемі шыңға шығу талайдың бір арманы. Мұнда шет елдерден де келушілер жетіп артылады. Ал бұл жолы ұйымдастырылып отырған шараның алар  орны ерекше болмақ.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған медиа-саяхаттың мақсаты Жетісу өлкесінің туризмін дамыту, сонымен қатар жастарды физикалық, техникалық дайындық деңгейін жоғарылату.

21 күнге созылатын аталмыш шараға 4 адам қатысу жоспарланып отыр. Олардың  қатарында танымал өнер адамдары медиа-экспедиция қатысушысы, қазақстандық танымал актер, «Сampit» туристік экскурсия ұйымдастыру компанияның негізін қалаушы Әнуар Нұрпейісов пен театр және кино актрисасы Айсұлу Әзімбаева бар. Сонымен қатар Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев пен «Жетісу географиялық қауымдастығының» жетекшісі Әнуар Демегенов те қатысады.

Айта кету керек, тауға шығуға қызығушылық тудыратындар бірден бірнеше жетістікке қол жеткізу мүмкіндігіне ие. Себебі 7010 метр биіктікті бағындырып қана қоймай, ең суық шыңға шығудың өзі бір белестің орындалғаны. Биіктіктегі ауа температурасының орташа көрсеткіші – 28ﹾ градус. Ғылыми зерттеулер бойынша шілде-тамыз айлары тауға көтерілудің оңтайлы кезеңі болып табылады.

Команда құрамы физикалық және моральдық тұрғыдан дайындалған, биіктікке шығуға қызығушылық танытатын тәжірибелі  азаматтардан құралған.

– Туризм саласы тұрғысынан  қарағанда Алматы облысы қолайлы, әрі табиғаты көркем аймақ болып саналады. «Жетісу географиялық қауымдастығы» жобасы арқылы саяхатшылар мен зерттеушілердің қызығушылығын арттыра отырып, жобаға қатысуға шақырдық. Алғашқы бағындырған шың – Жетісу. Еңдігі мақсат Хан Тәңірі шыңың биіктігін бағындыру. Сол себепті де командамызға туризм саласынан хабары бар, тәжірибелі азаматтарды іріктеп алдық, – дейді Рустам Әлиұлы.

Осы тұрғыда экспедиция қатысушылары да өздеріне артқан сенім мол  алайда  ақталу, ақталмауы екіталай екенін де айта кетті.

Еуропа мен Ресейдегі ең биік шыңды бағындырған актриса Айсұлу Әзімбаева  енді шоу-бизнестің сахнасын емес, Хан Тәңірі шыңың бағындырмақ.

– Тауға шығу оңай емес, бірақ табиғаттың  керемет  құбылыстарын  тау басында ғана кездестіруге болады. Айналаңның бәрі аппақ қар мен қалың мұз. Бойың бұлтпен  таласады сол кезде. Шыңға шыққанда бәрінен биік тұрасың. Ауа да саф болады тауда. Тып-тыныш. Керемет. Таудан ғажайып табиғатты тамашалап жан-дүниең сергіп, көтеріңкі күймен ораласың. Бірақ ол үшін  көп дайындық керек. Тауды жақсы көремін, қызықты саяхатты жаным сүйгендіктен бұл жолы да өзімді сынап көрмекпін, – деді.

Еске салсақ, жоба Алматы облысының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, 8 тамызға дейін жалғасады. Барлық қызықты оқиғаларды қатысушылардың ресми инстаграм беттерінен қарап отыруларыңызға болады.

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Алматы облысы.

Пікірлер

пікір