008

Смағұлов – саудагер күйінде қалған кәсіпкер ме?

Қазақстандағы көлік саудасы жайында әңгіме қозғағанда Нұрлан Смағұлов бірден ойға орала кетеді. Қазір оны еліміздегі көлік саудасының «королі» деп атасақ та болады.

Өзбек қайда , біз қайда?

ондықтан көлік саласына қатысты кез келген мәселенің артында Нұрлан мырзаның көлеңкесін байқауға болады.

Қазақстанда көлік құрастыру өндірісін дамытудың қаншалықты маңызды екенін Нұрлан Смағұлов бәрімізден жақсы біледі.

Кәсібін саудадан бастап, мол табысқа кенелген кәсіпкер соңында өндіріс ошағын құратыны белгілі. Бірақ біздің кәсіпкерлеріміз өндіріс үшін емес, сауда үшін күресуге құмар.

Көлік саудасымен айналысатын ресми диллерлер Үкіметке мұңын шағып (мұны енді лоббилық демеске шараң жоқ) қарапайым халықтың арзан көлік сатып алуы үшін арзан несие беруге итермеледі.

Осылайша халық елімізде құрастырылған (өндіріс деп айтуға әлі ерте) көліктерді сатып алды.

Несиеге берілетін көліктердің тізіміне көз салған адам 30-дан астам көлік маркаларының барын байқайды. Сонда Қазақстанның кәсіпорындары көліктің көптеген түрін өндіретін деңгейге жеткен бе? Бұл жағы енді бізге түсініксіз.

Егер отандық автодиллерлер, шынымен де қазақстандықтардың отандық темір тұлпар мініп жүргенін қаласа, қарапайым халық қолжетімді көлік құрастырған болар еді.

Бұл ретте, алысқа бармай-ақ іргедегі Өзбекстаннан көп үлгі алуға болады. Олар қарапайым Daewoo Nexia мен Matiz-ын арзан бағаға сатып алып, жүйткіп жүр.

 

Ал біз болсақ, екінің бірінің қолы жетпейтін есік пен төрдей джип құрастыруға құмармыз. Одан қалса электромобль құрастырмақ болып, қолымызды айға созамыз.

Айтпақшы, қазір Өзбекстан дүниежүзінде отандық автоөндірісі дамыған 30 елдің қатарына қосылды. Ал жол талғамайтын көлік құрастырған Қазақстанды бұл тізімнен байқай алмадық.

 

Мемлекет қолдауына сүйенген кәсіпкер өнідірісті дамыта ма?

Бүгінде индустриялды даму бағдарламасына үн қосқан «Астана Моторстың» қожайыны Нұрлан Смағұлов кәрістермен тізе қосып, шағын жүк көліктері мен арнайы машиналар құрастыруда. Көліктері отандық нарыққа сатылып жатыр.

Қазіргі таңда еліміздің бірқатар аймағында көлік құрастыратын өндіріс орындары жұмыс істейді. Өкінішке қарай, оларды біздер өндіріс деп айтуға аузың бармайды. Неге? Түсіндірейік.

Қазақстанның машина құрастыру саласын дамытамыз деген мәселені алға тартып, алпауыт автодиллерелер өзге елдің көлік шығаратын кәсіпорындарымен келісімге отырып, елімізде көлік құрастырып жатқанын бәріміз білеміз.

Құрастыру бұл – көлік шығаратын өндіріс ошағы қалыптасты деген сөз емес. Қазіргідей дамыған заманда мыңдаған бөлшекті әкеліп, есік пен төрдей жерде машина құрастыруды өндіріске жатқыза алмайсың.

Бұл – бар болғаны сауданың бір қадам алға жылжығанының белгісі. Ал көлік өндірісін қалыптастыру үшін түрлі мамандар шоғыры қалыптасуы керек.

Бұдан басқа, ең болмағанда елімізде шығатын көліктің бөлшектерінің 20 пайызын өзімізде өндірсек, сол кезде отандық өнім деп айтуға болады.

Ал тұтас көліктің мыңдаған бөлшегін пойызбен әкеліп, оны төрт қабырғасы қаңылтырмен қоршалған амбарда (зауыт деп айтуға аузың бармайды) құрастыруды өндіріс деп айтуға бола ма? Әрине, болмайды.

Таяуда «Фейсбук» әлеуметтік желісінде Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істеп жүрген таныс жігітпен сөйлестік.

Қазақстанда ветеринария мамандығын алған әлгі танысымыз Кореяға барып, біраз жұмыстың басын шалыпты. Ол Қазақстанға экспортталатын су жаңа көлікті 15 минутта шашып, контейнерлерге тиейтін шаруамен де айналысыпты.

Осылайша, Қазақстанда мал дәрігері мамандығын меңгерген жігіт Кореяда аз ғана уақыттың ішінде бір көлікті 15 минутта бөлшектеп тастауды меңгерген.

Иә, көлікті бөлшектеу үшін механик болу шарт емес. Бір-екі рет көрсетсе, арнайы жабдықтармен көлікті демде шашып, қайта жинауға болатынын әлгі жігіт айтты. Кореяда мұндайларды білікті маман емес,  қарапайым жұмысшы деп қарайтын болса керек. .

Ал біздің кәсіпкерлер (баяғы саудагерлер) болса, қосалқы бөлшектерді елге әкеліп, футбол алаңындай амбарлар тұрғызып, «Қазақстанда көлік өндірісін құрдық» деп әңгіме айтып, мемлекеттің қолдау қаржысын алып, одан қалса, құрастырған қымбат көліктерді екінші деңгейлі банктер арқылы халыққа несиеге беріп, бір оқпен екі қоян атып жүргенін көпшілігіміз біле бермейміз.

Олардың қаржы шығарып, тұрғызған амбарын өндіріс ошағы деп айтуға бола ма? Боламайды. Айтпақшы, құрастырылған көліктерді сырлайтын цех ашқандарын айтып жүргендерін талай естідік. Бірақ көлік сырлауды өндіріс деп айтуға келмейді ғой.

Өйткені Алматының іргесіне келіп тас лақтырсаң, тасың көлік сырлайтын боксқа барып тиеді.

Сондықтан алпауыт көлік диллерлерінің «Қазақстанда машина құрастыру саласын дамыттық» деп жүргені бос сөз, жаны жоқ жарнама екенін байқайсың.

Ең өкініштісі, бизнесін тоқсаныншы жылдары саудадан бастаған кәсіпкерлер (бүгінгі инвестор) арада қанша жыл өтсе де, «саудагер» күйінде қалып, саудагерлік психологияның құлы болып жүргеніне қарнымыз ашады.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Пікірлер

пікір