008

Денисті жоқтау

Ердің құны – ескі айна!..

…Қазақ елінде жаңа-жаңа дамып келе жатқан тосын спорт – мәнерлеп сырғанаудан әлемдік биікке өзі шарықтап шығып,қатарына енді-енді қазақтың қарадомалақ балалары мен жәудіркөз қыздарын тарта ма деп жүрген күндей жарық, бөбектей сүйкімді, туған айдай сәулелі ұланымыз Денис Тен Алматының ығы-жығы көшесінде боқтан басқаның бәрін ұрлауға дағдыланған мың-сан ұрының көлеңкесіндей қос қарақшының қолынан қаза тапты…

Енді ғана 25 жасқа толған,өлім түгілі жекіп ұрысуға қимайтын ұлдың ажалының құны – мініліп жүрген ескі мәшинесінің ескі айнасы! Бұл қаралы оқиға тағы да қазақ қоғамына ауыр сұрақ қойып отыр.

“Біз қашан еліне абырой әперген ұл-қыздарымызды сақтайтын боламыз, қашан жанқалтасына пышақ, төсқалтасына тапанша салып жүретін бейбіт күнде қырғын соғыс аңсағандардан құтыламыз?”.

Себепсіз оққа ұшып жатқан жас чемпиондарымыздың тізімі анау, ел сүйіктісі боп үлгерген боксшы, қара қыпшақ Қобыландыдай батыр ағамыз Әбдісалан Нұрмахановтың бір жүз мыңға жетпейтін тенге үшін ту сыртынан атылғаны анау…

Жалпы біздің Ішкі істер министрлігінің қызметінде көшедегі мәшине біткенді аңдып, содан ақша сауғаннан басқа жеткен табысы бар ма осы?!.

Денис баламмен Сочи Олимпиадасында жолығып, оның жүзінен төгілген нұрына еркін шомылып, көзімізге жас толып толғанған едік.

Бүгін көз жасын тиюға ерік жоқ! Ал, мұндай көз жасы елде, қоғамда темірдей тәртіп орнамай, көше кезген жұмыссыз, білімсіз, өзі мен отбасын ұрлық-зорлықпен асырап жүрген жандар азаймай құрғамайды!

Даңқты спортшы Қазақ қоғамына және оның жетекшілеріне тағы да осыны ескерту үшін құрбан болғандай боп көрінеді маған…

Хош, елге қазақтың баласындай қымбатты ұлан – Денис Тен! Бақұл бол, балам!

Несіп ЖҮНІСБАЕВ, жураналист.

 

Не деймін?

Нұрсұлтан ауылда еді. Таңертең хабарласып «Денис Тенді өлтіріп кетіпті ғой. Неге?» деп сұрады. Құдды бір туысынан айырылғандай қамығып тұр. Не деймін?

…қызметтен, жайлы өмірден бас тарта алдым;

…қаладан қалаға қиналмай көштім…

Сонда, ешқашан елден бас тарту туралы ой келмепті…

Қазақстаннан көшіп кету деген ой мүлдем болмапты…

Бірақ, уақыт өткен сайын елдегі оқиғалар ақылға сыймай барады. «Бәрі жақсы болады әлі…» деген жұбатуды 1992 жылдың қазан айында өрістен қой қайтарып келе жатқанда марқұм әкем айтқан. Мен оны 2018 жылы ұлыма қайталап отырмын…

Осы мен өзімді алдап жүрген жоқпын ба?

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, журналист.

 

Еркін ұйықта Денисжан!

Әкем марқұм қайтыс болған күні Денис универсиаданың алтынын алып еді. Жарықтық жарысты көріп біткеннен кейін енді еркін ұйықтай беруге болады деп жатып, қайтып тұрмады. Еркін ұйықта Денисжан!

Сені мұсылман емес деп дұға тілеуден тиып жатқандардың өздері кәпір! Тәңір алдыңнан жарылқасын.

Алматыдағы Думан ықшам ауданында бір адамның көлігіне ұрылар 17 рет түссе де полиция қарақшыларды бір рет те ұстамаған. Кешігіп келіп кеңкиіп, арзан көлік алыңдар деп көлік иелерінің өздерін кекетіп кетеді екен.

Өткенде ғана осы айна ұрлығы туралы сюжет жасағанда балықтың басынан шіритініне тағы көз жеткіздім.

Мұндай кезде полицияның аузынан жарытып ақпарат та ала алмайсың. БАҚ туралы заң солардың пайдасына шешілген. Шындық айтылмайтын, қылмыс ашылмайтын жерде мұндай сұмдықтар ешқашан тоқтамайды.

Ерқанат КӨПЖАСАРҰЛЫ, журналист.

 

 

Мен де қойдым...

Бірер жыл бұрын автобөлшек базарында төсқалтамнан ақша ұрлатып ем. Сатушылар ұрыны көріпті.

– Осы базардың ұрылары ғой, бәріміз білеміз, базар бастығы да таниды, – деді. Базар бастығына бардым.

– Қанша қусаң да кетпейді, полиция да шақырдық, өзіміз ұстап апарып та тапсырдық. Түк шықпады. Бір күні үш-төртеуін ұстап контейнерге қамап тастадым. Бір тәулік өтпей полиция іздеп кеп, үстімнен қылмыстық іс қозғап өзімді қамады. Ақша беріп, зорға шықтым. Сосын қойдым. Базарымның күзетшілерінен де қорықпайды. Қолымнан келер түк қайран жоқ. Олардың крышасы аноу жақта, – деп саусағын жоғары шошайтты. Сосын мен де қойдым.

Асылхан МАМАШҰЛЫ, журналист.

 

Кореяда жүргенде тірі жүрер ме еді?..

Кореяда жүргенде тірі жүрер ме еді Денис?!

Ал айна үшін айуандыққа барғандарды жекелеген полиция қызметкерлерінің жақсы білетініне, танитынына еш шүбәм жоқ. Оларды «тауып», «жазалағаннан» ештеңе өзгермейді. Көліктің айнасын ұрлағандарды «тудырғандар» қоғамның айнасын әлдеқашан ұрлап кетіп, орнына қисық айна орнатып қойған.

Дәнеш БАЙБОЛАТОВ, журналист.

 

Шынайы дағдарыс енді келді

Оны жастықтың жалыны өртеп жіберді. Қарулы адамға қасқая қарсы тұру үшін де жүрек, жігер, жалын керек.

Қару ұстап жүрген жігіттерді де кінәлай алмайсың! Олар қу құлқынның қамымен қанды жолды таңдаған жастар болуға керек.

Сол жастарға дұрыс тәрбие бере алмаған, обал-сауапты үйрете алмаған – өзіміз.

Біз осал болмағанда олар қарақшылық жолды таңдамас па еді?

Бізге шынайы дағдарыс енді келді. Орыстың одағына кіріп, әлеуетіміздің тұралағаны соншалық, енді міне, ашыққан жұрт тапа-тал түсте ұрлық жасап, адам өлтіретін болды.

90 жылдар қайта орала ма деп қорқамын!

Әншейінде қара xалыққа қоқиланатын қоразбас полицейлер қайда?

Қайран, Денис! Сенің қазаң қоғамның бет пердесін бұлай сыпырып тастайды деп кім ойлаған?

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР, журналист.

 

 

Бұл деградация!

Егер адам саналы түрде ұрлыққа, артынша қасақана суық қаруды қолданып жүрсе бұл – деградация!

Сондай қадамға баратын талай топ бар. Олармен флешмоппен, ұранды жалпақ патриоттық сөздермен тәрбиелей алмаймыз.

Тойлау дегенді қояйық, ағайын. Шын идеологиямен, әлеуметтік мәселемен, аймақтық даму жұмыстарымен айналысайық.

Ажырасып қазақ отбасы институтының күйреуінен, әлсіз ұлттық тәрбиеден кететін механизм «маған бәрі-бір» дейтін ұрпақты әкеледі.

Талай Денистерімізден айырылмай тұрғанда, ойланайық, не істеу керек?

Мақсат ЖАҚАУ

 

Мәдениетін көтеру керек

Күдікті ұсталғанымен, ол түрмеге жабылғанымен мәселе шешілмейді. Ертең мұндай қылмыс жалғаса береді. Мұндай қылмыскердің мыңы бар.

Біз білмейтін қылмыстың жүзі жасалып жатыр. Бізге адам өмірін қауіпсіз ететін шаралар керек! Қағаз жүзінде емес нақты іс жүзінде.

Қазақстан өмір сүруге қолайлы ел болу керек! Біз көшеге шыққанда алаңсыз серуендеп, бала-шағаны дүкенге алаңсыз жібере алатын мемлекетке айналуымыз керек.

Сөз айтылып болды. Бізге іс керек. Ғимарат салып жарысып, көше жөндеп мақтанбай-ақ қояйық. Адам мәдениетін көтеру керек. Рухани жаңғыру деп әншілердің концертін беру мәдениет көтеруге жатпайды! Ол көңіл көтеру! Бізге ішкі мәдениет пен құндылықты арттыру керек.

Берік СҰЛТАН, журналист.

 

Кеш бізді, Денис…

«Мен қазақпын» деп мақтанушы еді. «Елімді ешбір елге айырбастамаймын» деп жүрекжарды сөзін қайталап айтушы еді. Әлемнің алдында қобыздың қоңыр үніне билеп, қазаққа үлкен абырой алып берген қаршадай жігітті неге сақтап қала алмадық?

«Қасымов отставкаға кетсін» деп айғалаймыз. Қасымов отставкаға кеткеннен қазақтың басында қордаланған мәселе шешіле ме? Денистың өлімі – бүгінгі жүйенің іріп-шірігендігін көрсетті.

Неге криминал көбейіп кетті? Жұмысы болса, алған білімі болса, қазақтың жігіттерінің ұрлықпен күн көріп несі бар?

Халықтың әлеуметтік жағдайы мығым болса, қылмыс көбейе ме?

Заң мен тәртіп нық болса, тапа талтүсте қарақшы топ xалықты басынады ма?

Денсаулық саласы мықты болса, санға тығылған пышақтан адам өледі ме?

Әділет іздеп алаңға шыққан елдің ізінде бір машина полицейлер жүреді. Ал шын көмекке мұқтаж жандарға бұл елдің полициясы да, жедел жәрдемі де кешігіп жетеді…

Кеш бізді, Денис… Біздің елде туылғаның үшін кешір…

Дина ЕЛГЕЗЕК, журналист.

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер

пікір