008

Полицейлер безбүйрек әкенің қылмысын әшкереледі

Күні кеше ғана Алматының Шығыс айналма жолында ессіз күйде табылған баланың оқиғасы қоғамды дүр сілкіндіргені жасырын емес. Бұл оқиғаға қатысты біраз сын-ескертпелер де айтылғаны белгілі. Тіпті, бұдан кейін баланың әкесінің туыстары мен көршілері тергеу ісіне сенбейтіндерінде ашық айтты. Осыдан кейін Алматының құқық қорғау органының қызметкерлері халыққа бар жағдайды түсіндіріп, жұрттың өрікпеген көңілі орнына түсірді.

Өз кезегінде Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек:

– Көпшілік жағдайды жете түсінбеген. Бұдан кейін ІІД басшылығы сонда барып, наразылық танытып жатқандарға бар жағдайды түсіндіріп берді. Олар барлығын тыңдап, кейін тарады. Жиналғандардың тарапынан ешқандай ереже бұзушылық болған жоқ, – деді ресми өкіл.

Сөйтсек, Алматының Шығыс айналма жолында ессіз күйде табылған 4 жасар Мұхамад Асқароғлын өз әкесі таспен ұрып, тастап кеткені белгілі болды. Мұны баланың әкесі Мұрат Асқароғлы мойындап, мас күйде не істеп, не қойғанын білмегенін айтып ақталғанына куә болдық.

Бастапқыда тергеушілерге өзін куәгер ретінде таныстырған бойжеткен «баланы қара түсті көлік қағып кетті» деп жалған мәлімет беріп, тергеушілерді жаңылыстырмақ болған. Бірақ куәгердің айтқан сөзі жедел әрі арнайы шаралардың нәтижесімен сәйкеспеген соң, құқық қорғау органдарының өкілдері видеобақылау камераларын бақылағанда баланың әкесінің оны қолынан ұстап, жол шетімен келе жатқанын көрген. Бұдан кейін Мұрат Асқароғлы адам жоқ жерге барып, баласының тәртібіне ашуланып, басынан таспен ұрып, тастап кеткені өзі мойындады.

Осылайша безбүйрек әке: «Таңертеңнен ішіп алдым, балам мазасыз еді. Тасты алып, басынан ұрдым, шошып кетіп, автобусқа отырып, жұмысқа кеттім. Сол жақта жуындым. Қазақстандықтардан, полиция қызметкерлерінен, маған көмектескен депутаттан кешірім сұраймын. Жаза тартуға дайынмын және кешірім сұрауға лайық емес екенімді білемін», –  деп бар шындықты баяндады.

«ҚмД» ақпарат

Пікірлер

пікір