008

Маңғыстау облыстық соты кімнің сойылын соғып жүр?

Аудандық және облыстық соттарға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін «қожа» табылмай тұр. Солардың кесірінен бүтін бизнестің тамырына балта шабылуда деп хабарлайды Total.kz.

Дәл осындай жағдай Маңғыстау өңірінде орын алыпты. Бұзашы мұнай компаниясы өз мердігері «West Services» ЖШС-ына 154 млн. теңге қарыз болып қалған. 

2016 жылдың ақпанында Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарызданып қалған компанияға ілгерідегі соманың 10 млн. теңгесін өтеуді міндеттейді. Дәл сол жылдың қазанында қалған 144 млн. теңгені өндіріп алу туралы шешім шығарады.

Соттың екі актісі де жеке сот орындаушылар тарапынан жүзеге асырылып, қарыз толықтай қайтарылады.

Осымен бұл дауға нүкте қойылуы тиіс-тін…

Алайда Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты аяқастынан «Dinopack» ЖШС-ы және «West Services» ЖШС-ы арасында цессия келісімшарты жасалғанын хабарлайды.

Осы цессия келісімшартына сай 154 млн. теңге көлеміндегі қарызды талап ету құқығы «Dinopack» ЖШС-іне көшкені және осының өтемі ретінде компания «West Services» ЖШС-ның банк алдындағы 17 млн. теңге берешегін өтеп беру міндетін мойнына алғаны белгілі болады.

2017 жылдың қараша айында Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істің сотта қаралу тәртібін бұзып, цессия келісімшартында көрсетілген талаптарды негізге алып, Бұзашы мұнайдан Dinopack-тың пайдасына 53 млн. теңге айыппұл өндіру туралы азаматтық істі өндіріске қабылдайды . Анығы, шешім әлдеқашан шығып қойған. Компания мердігердің алдындағы берешегін толық өтеген!

Мұндағы цессия келісімшартының заңдылығына күмән тудыратын бір жайт – West Services дебиторының (Бұзашы мұнай) қарызы компанияның банк алдындағы есиелік міндеттемесінен 10 есе көп.

Қарызын өтеуге мүмкіндігі бар дебиторы бола тұра, ешбір компанияның  мұндай қадамға бармасы белгілі.  Дәл осы мәселе соттың көңілінде күдік туғызу керек еді. Келісімшарттың осы бір көлеңкелі тұсы мұнда бір шикілік бар екенін айғақтайды, мұны «West Services» ЖШС-ның бұрынғы директоры Тимурбек Махмудовтың соттағы куәгер ретіндегі сөйлеген сөзі де растап тұр.

Оның айтуынша 2014 жылы ол банк алдындағы несиесін өтей алмай, танысы, Dinopack компаниясының директоры Мамад Афандиевке көмек сұрап хабарласқан.

Афандиев өз кезегінде көрсеткен көмегінің өтеуі ретінде өзін West Services компаниясының директоры етіп тағайындауды талап еткен. Махмудов мұны қабыл алып, талап орындалған.

2016 жылдың қараша айында Мамад Афандиев Махмудовтан компанияны өз қарамағына беру туралы цессия келісімшартына қол қоюды, әрі оның айы-күні ретінде – 2015 жылдың 2 қарашасы деп белгілеуді талап еткен.

Алайда бұл тұста Тимурбек Махмудов «West Services» компаниясының әлі де заңды директоры болатын. Афандиев бұл келісімшартқа ағымдағы күнмен қол қоя алмайтынын, себебі бір жағынан «Dinopack» директоры қызметін атқаратынын айтады.

Әрі қарай сот алдындағы сөзінде Тимурбек Махмудов мына жайттарды анықтай кетеді:

«Компанияны Афандиевтің қарамағына беру туралы цессия келісімшартына ол 2016 жылдың 14 қарашасында, яғни, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Бұзашы мұнайдан West Services-тің алдындағы 144 млн. теңге қарызын қайтару туралы шешім шығарғаннан кейін қол қойған. Бұған дәлел ретінде Махмудов сотқа қағаз жүзіндегі бұлтартпас, нақты дәлелдерді көрсетті».

Осыны ескерген судья Рахымжан Бейсенов Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында цессия келісімшартын жарамсыз деп табады.

Бұл процессте жеңіске жету өз кезегінде 53 млн. теңге көлеміндегі айыппұл өндіру ісін қайта қарауға негіз болар еді, әрі Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бұдан бұрынғы  шешімінің күшін жояр еді.

Алайда әділдік орнады деп айтуға әзір ерте болатын. Судья Рахымжан Бейсеновтің шешімімен келіспеген Dinopack компаниясы Маңғыстау облыстық сотына шағым жолдайды.

Маңғыстау облысының азаматтық істер бойынша сот коллегиясының төрағасы Нұрсапа Примашевтың (төменде суретте) жетекшілігімен өткен сот отырысында West Services-тің ешбір уәждері мен дәлелдері ескерілмей, сот  «Dinopack» ЖШС-ы мен West Services-тің арасындағы цессия келісімшартын заңды деп табады.

Айтпақшы Бұзашы мұнайдан Dinopack-тың пайдасына 53 млн. теңге айыппұл өндіру туралы шағымды қарастыру ісіне дәл осы Нұрсапа Примашев төрағалық еткенін айта кетелік.

Сот қаулысынан бірқатар цитаталар келтіре кетсек:

«Үшінші тараптың Бұзашы мұнай компаниясының «West Services» ЖШС-нына қарыз еместігіне қатысты дәлелдері екі тараптың арасындағы келісімшарты негізсіз деп табуға себеп болмайды. Келісімшартқа қол қойғанда заң бұзылмаған, құжатқа ЖШС басшыларының өздері қол қойған әрі мөрін басқан».

Түсінікті тілмен айтқанда, бұл қаулы: «Қарыздың өтелгеніне түкіргеніміз бар. Тимур Махмудовтың келісімшартқа өткен күнмен қол қойғаны да қызық емес. Бастысы екі басшы да бұл құжатқа өз қолдарын қойған, әрі мөрін басқан» дегенге саяды.

Бұл шешімді облыстық сот осыдан шамамен бір апта бұрын 2018 жылдың 23-ші шілдесінде қабылдады. Ал дәл осының алдында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов соттардың ар-ұяты туралы мәселе көтерген еді.

«Бұзашы мұнай» ЖШС-ына қатысты бұл дау Маңғыстаудағы судьялардың Қазақстанның Азаматтық процессуалдық кодексін өз қалауына қарай қолдана беретінін айғақтап берді.

Шешілген дауды қайта қарау, Алматыдағы соттың шешімін жоққа шығару. Мұның бәрі айналып келгенде осыншама былыққа ұласты.

Бұзашы мұнай компаниясының мүддесіне қайшы қабылданған шешімдерге қарап отырып, алдағы уақытта Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 144 млн. теңге көлеміндегі қарызды қайта өтеу туралы шешім шығарса таң қалмаймыз.

Анығы, бұл да алаяқтық. Алаяқтық іске соттардың араласқаны өкіндіреді. Соттар түрлі қулық-сұмдықтардың ортасында жүргені қорқынышты-ақ.

Сонда Жақып Асановтың сөздері маңғыстаулық соттарға жетпегені ме?

Жоғарғы соттың кеңейтілген отырысында Жақыпов: «мұндай әдіс-амалдан бір ғана сценарийді аңғару үшін заңгер болудың қажеті жоқ. Бұл анық рейдерлік» деген еді.

Пікірлер

пікір