008

«Егеменді» майлыққа теңеушілерге уәж

Таяуда ФБ-дағы белсенділердің бірі үйіне әлдебірулердің тегін жазуымен күн құрғайтпай келіп тұратын «Егемен Қазақстанды» қамыр жайғанда астына төсеніш, жаңбыр жауғанда балшық сүртетін «трәпкі» ретінде пайдаланатынын айтыпты. Бұдан басқа «Жас Алашты» аялап, күтіп ұстайтындарын да (менің бұған күдігімі бар) жазыпты.

Иә, «Егемен Қазақстан» ресми газет, еліміздің бас газеті. Мұндай газет барлық елдерде бар. Бірақ біздің кейбір оқырмандар сияқты өзге елдің азаматтары «осы бір газетпен балшық сүртеміз» деп әлеуметтік желілерге ойланбай пост жазбайды. Жазған күнде де мақтап, мадақтап жазатыны анық. Ал «талғампаз» оқырманымыз «Жас Алашты» шығарып отырған Рысбек Сәрсенбайдың сол Егеменнен түлеп ұшқанын білмейтіні анық. Білсе, бұлай демес еді. Ең сорақысы, осы посттың астына біраз адам газетті қалайша майлыққа айналдырғандарын жарыса жазғаны қынжылтты. Газетті майлық қылғанды мақтангершілік көріп, оны көпшілікке айту ұят жағдай. Бұл адамның ой-өрісі плитустың деңгейімен шамалас екенін аңғартса керек.

Содан кейін қазақ газеттеріне жазылып, шығынданған 3-4 мың теңгені айтып жылай беруді қоятын кез жетті. Қайта, әкімшіліктің айғай-сүреңінсіз қазақ газеттеріне жазылуды дәстүрге айналдырған жөн. «Егемен», «Жас Алаш», «Айқын», «Түркістан», «Ана тілі», «Алматы ақшамы», «Жас қазақ», «Қазақ үні», бәрі-бәрі,  қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын басылымдар. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілі үшін күресті осы газеттер жүргізді. Тілдерді дамыту агенттігі тілдің мүддесін қорғауда осы газеттің біріндей еңбек сіңіре алған жоқ. Тәуелсіздігімізді нығайтты. Алаш арыстарын ақтап, жарыққа шығарып, халыққа таныстырған да осы газеттер. Әлдекімдер балшық сүртуге пайдаланатын «Егеменнің» тігіндісін парақтаған адам осы сарындас мыңдаған мақаланы табарына бәс тігемін.

Құрметті оқырман, қазақ газетіне жазылу үшін жұмсаған ақшаңызды қазақ тілі мен ұлттық саясаттың қазығын қағуға қосқан үлесіңіз деп біліңіз!

Нұрлан ЖҰМАХАН.

Пікірлер

пікір